Максим Самородов басты хейтерін атады

Қазақстан құрамасы мен Грозныйдың «Ахмат» клубының шабуылшысы Максим Самородов өзінің алға ұмтылуына әсер ететін адамды атады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Осыдан бірер күн бұрын Самородов «Ахмат» сапында 2025 жылғы алғашқы голын соқты. «Матч ТВ» тілшісі футболшыны жігерлендіретін адамы туралы сұрады.
«Осылай жаттығу жасауыма әсер еткен атама алғыс айтамын. Ол менің басты хейтерім деуге болады. Ол менің ашуыма тиіп, сол арқылы жаттығуымды үдете түсетінмін. Күн сайын бабымды жақсартуға тырыстым. Атам – әлі күнге дейін менің басты хейтерім. Мысал келтіре кетейін, бала күнімде бір команданы 23:1 есебімен жеңдік. Соның ішінде 22 голды мен соқтым, ал атам «бұл аз» деді. Міне, осылай», - деді Самородов.
22 жастағы қазақстандық футболшы Максим Самородов ¬– Ақтөбе футбол клубының тәрбиеленушісі. «Ақтөбе» сапында 95 матч өткізіп, 18 гол соқты. Ал былтыр Ресейдің «Ахмат» сапына ауысты.