УЕФА Қазақстан клубтарының қаржылық жағдайын жариялады

УЕФА 2023/24 жылғы қаржылық есебін жариялап, Қазақстан Премьер-лигасының 14 клубының табысын есептеді.
Өткен маусымда отандық клубтар жалпы 87 миллион еуро (шамамен 46,3 миллиард теңге) табыс тапқан. Оның 5,5 миллионы (6%) — коммерциялық табыс, яғни демеушілік келісімшарттар, жарнама, лицензиялау, мерчандайзинг және басқа да коммерциялық келісімдерден түскен қаражат. 70,5 миллион еуро (81%) – әртүрлі қосымша түсімдер. Бұл санатқа мемлекеттік субсидиялар, академия табысы, активтерді сату және бір реттік төлемдер кіруі мүмкін.
Клубтардың УЕФА турнирлерінен (Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы, Конференциялар лигасы) тапқан табысы 9,8 миллион еуроны (11%) құрады. Ал билет сатылымынан бар болғаны 0,9 миллион еуро (1%) түскен. Ең қызығы, ішкі телехабар тарату құқықтарынан ешқандай табыс жоқ – 0 еуро.
Клубтардың ең үлкен шығыны жалақыға кеткен – 54 миллион еуро (28,7 миллиард теңге). Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан УЕФА аймағында 28-орында тұр. Ал трансферлік баланс –1,4 миллион еуроны құрап, –325% деңгейінде теріс көрсеткіш көрсеткен.
Дегенмен, 2022 жылмен салыстырғанда клубтардың жалпы табысы 24%-ға артқан. Бірақ соған қарамастан, 10 клубтың қаржылық жағдайы теріс баланс көрсетіп отыр. Қазақстанда бірде-бір клубта шетелдік инвестор жоқ, ал лиганың негізгі қаржыландыру көзі – мемлекет (81% табыс).