Қазақ күресінен Дели төрінде әлем біріншілігі басталды

26 ақпан күні Үндістанның Дели қаласында қазақ күресінен ересектер арасында әлем чемпионаты жалауын көтерді. Екі күнге жалғасатын дүбірлі додаға әлемнің 20-дан астам елінің 200-ге жуық балуаны қатысып жатыр.
Аталған біріншіліктің бағдарламасына сәйкес, спортшылар (ерлер мен әйелдер) 16 салмақ дәрежесінде кіл мықтыны анықтауда. Дели төрінде төл күресімізден ел намысын қорғап жатқан балуандар қатарында Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Мұзаппаров Ерсұлтан, Нұрдәулет Жарылғапов, Зарина Сарипова, Рауза Нұрмахамметова және Роза Нысантайқызы сынды үздіктер бар.
Әлем біріншілігі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory спортты қолдау қорының қолдауымен дели қаласындағы «Тьягарадж» ұлттық стадионында өтіп жатыр.
Дүбірлі доданың салтанатты ашылу шарасына Үндістанның Қазақ күресі ассоциациясының президенті Хариш Тяги, еркін күрестен Лондон — 2012 олимпиадасының қола жүлдегері Йогешвар Дутт және UWW техникалық делегаты Онур Шимшек қатысты.
Өз кезегінде сөз алған Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосынов ұлттық құндылығымыз саналатын қазақ күресін халықаралық аренада насихаттайтын бұл чемпионаттың маңыздылығын тілге тиек етті.
— Үндістан — қазақ күресін белсенді түрде дамытып жатқан елдердің бірі. Қазіргі уақытқа дейін бұл елде қазақ күресінен төрт рет ел чемпионаты өткен. Сіздердің күресімізге жоғары қызығушылық танытып жүргендеріңіз — біз үшін үлкен мақтаныш. Екіжылдықтың басты додасының ақтық белдесуінде күресетін балуандарға сәттілік, ал көрермендерге жарқын эмоция тілеймін, - деді Дамир Әсенғазыұлы.
Спорттық шара барысында UWW техникалық делегаты Онур Шимшек Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың UWW ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылданғанын жариялады.