«Ақтөбе» футбол клубының биылғы бюджеті белгілі болды

Биыл «Ақтөбе» футбол клубына 2,4 млрд теңге бөлінді. Легионерлер жалақысына бюджеттен тыс қаржы қарастырылады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты inform.kz-кел сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына басшы болып жаңадан тағайындалған Мейрамбек Махамбетов 2025 жылдың жоспарын бөлісті. Биыл Ақтөбедегі Алтын орда тұрғын алабында мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи спорт кешені ашылады.
Сыйымдылығы 35 мың орындық стадион құрылысы басталады. Сонымен бірге 5 мың адамға арналған Спорт аренасы салынады. Мұнда бассейн, көркем және спорттық гимнастика залдары болды. Құрылыстан бөлек өңірдегі спорт командаларына да қомақты қаржы қарастырылды.
— Биыл «Ақтөбе» футбол клубына 2,4 млрд теңге бөлінді. Қазақстан чемпионаты, Қазақстан Кубогінде жоғары жетістіктерге жету талабы қойылып отыр. Сонымен бірге халықарылық жарыстар бар. Қазіргі кезде легионерлерге жалақы төлеуге қатысты өзгерістің құжатын күтіп отырмыз. Заң нормалары қолға тиген соң бюджеттен тыс жалақы төлеу қарастырылады. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Ал шағын футболдан ересектер командасына 450 млн теңге, балалар футбол орталығына 300 млн, әйелдер футболына 100 млн теңге бөлінді, — деді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Ал хоккей клубының бюджеті 1 млрд 290 млн теңгені құрап отыр. Ересектерге 620 млн, жастарға 340 млн, академияға 330 млн теңге қарастырылған. Мұнда да енді легионерлерге бюджет қаржысы жұмсалмайды. Баскетбол командасына 136 млн теңге бөлінді. Оның 91 млн теңгесі жастар командасына, 45 млн теңге әйелдер командасына берілді. Жалпы Ақтөбе облысы бойынша спорт саласына биыл 21 млрд теңге бөлінді.