Алмас Құлшынбаев алматылық клубты тізгіндеді

Алматылық «Хан-Тәңірі» футбол клубы Алмас Құлшынбаевтың командаға бас бапкер болып келгенін ресми түрде хабарлады. Айта кетейік, маман клубпен 2022 жылы бірге жұмыс істеген.
49 жастағы бапкер бұған дейін «Жетісу», Қазақстанның U17 және U21 жасөспірімдер құрамаларын жаттықтырған. Ал ойыншы ретінде ол «Цесна Ақмола», алматылық «Қайрат», «Ақтөбе», «Есіл-Богатырь», «Ордабасы» және «Мегаспорт» клубтарында доп тепкен.
Клубтың мәлімдеуінше, Алмас Құлшынбаевтың басты міндеті – команданы жаңа деңгейге көтеру.
«Оның алдында маңызды мақсат тұр – «Хан-Тәңірі» клубын жаңа деңгейге шығару. Бапкердің кәсібилігі мен амбициясы командаға жоғары нәтижелерге жетуге көмектесетініне сенімдіміз. Клубқа қош келдіңіз, бапкер!» – деп жазды клубтың ресми Instagram парақшасы.