Қырғыз боксшысы Мунарбек Сейітбекұлы «UNDERDOG» атағын жеңіп алды

Қырғыз боксшысы Мунарбек Сейітбекұлы «UNDERDOG» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz
Бокстан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қырғызстандық Мунарбек Сейітбекұлы «UNDERDOG» номинациясын жеңіп алды. Аталған жүлдені қазақстандық «UNDERDOG sports» агенттігі ұйымдастырған.
Бұл номинация әдетте фавориттер қатарында жоқ, жеңіске жететініне үміт артылмаған, алайда сенсациялық нәтижеге қол жеткізген спортшыға берілетін марапат.
Дәл осындай үздік нәтижені 29 жастағы Мунарбек Сейітбекұлы тіркеді. Ол өз елінің атынан бапкерісіз Олимпиада ойындарына жалғыз өзі барған болатын.
Жарыс барысында боксшыға өзбек бапкері Акмал Хасанов көмектесті. Қырғыз спортшысы финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде өзбек Абдумалик Халаковтан ұтылып, күміс медальға ие болды.
Осылайша Мунарбек Сейітбекұлы тәуелсіз Қырғызстан тарихында бокстан Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдесін алған алғашқы боксшы атанған еді.
Оның бұл жеңісінен кейін Қырғызстан Республикасы боксшыға Қырғызстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағын табыстады.