Өзбекстан Лос-Анджелес Олимпиадасында үздік ондыққа енуге ниетті

Өзбекстан құрамасы 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарында командалық есепте үздік ондықтың қатарынан көрінуі тиіс, деп хабарлайды Prosports.kz
Спорт саласындағы мәселелер қаралған кеңесте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев шенеуніктерге осындай тапсырма берді. Ол үшін жауапты үкімет мүшелерінен бастап, аудан, ауыл хокимдеріне дейін жұмысты жүйелі жолға қоюға міндеттелді.
Жиналыста Шавкат Мирзиёев спорт федерацияларының төрағалары мен республикалық ұйым жетекшілерінің жұмысын сынға алды. Атап айтқанда, шенеуніктер мен бапкерлердің арасында байланыс жоқ. Оның салдары спорттағы төмен нәтижелерге әкеліп жатыр.
- Өзбекстанның Олимпиада тарихы тек жекпе-жек спорты түрлеріндегі жетістіктермен жазылып жатыр. Париждегі бәсекеде бокс, дзюдо, тхэквондо, ауыр атлетика мен еркін күрестен медаль еншіледік. Демек қалған спорт түрлерін дамыту керек. Елдің иммиджі мен халықтың рухын көтеруде спорттың орны айрықша, - деді Өзбекстан басшысы.
Былтыр Париж Олимпиадасында Өзбекстан құрамасы жалпы есепте 13-орыннан көрінді. Бұл ретте Ш.Мирзиёев Франциядағы көрсеткішпен тоқмейілісуге болмайтынын қадап айтты.
Аталған олқылықтарды жою үшін әр өңірде Ұлттық Олимпиада комитетінің бөлімшелері ашылады. Сонымен қоса, аймақтардағы спортшыларды іріктеудің цифрлық платформасы құрылады. 4 жылдықтың басты бәсекесіне дайындықты күшейту мақсатында қажетті инфрақұрылым жасақтауға 300 млрд сум (шамамен $23 млн) бөлінеді.