Қысқы Азия ойындары: Қытай құрамасында өнер көрсеткен төрт қазақ үш «алтын» екі «қола» алды

Қысқы Азия ойындары: Қытай құрамасында өнер көрсеткен төрт қазақ үш «алтын» екі «қола» алды

Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойынндарына Қытай ұлттық құрамасы сапында ұлты қазақ төрт спортшы қатысып, төртеуі де жүлде түғырынан көрінді, деп хабарлайды Prosports.kz

Ең әуелі, Самғар Серікұлы ерлер арасында шаңғымен сырғанаудан спринт бағдарламасында өнер көрсетіп, 2 минут 58.51 секунд нәтижесімен қола медаль еншіледі.

Дәл осы сында қазақстандық Константин Борцов «күміс» еншілеген болатын. Спортшылар мәре сызығын үшінші және төртінші болып кескенімен, екінші орын алған жапондық спортшы ереже бұзуына байланысты нәтижесі жойылды.

Сол себепті, Константин Борцов «күміс» алса, қандасымыз Самғар Серікұлы қола жүлдегер атанды.

Қазақ қызы Баян Жалынқызы шаңғы жарысынан әйелдер арасында 5 шақырымға сырғанаудан (еркін стиль) 12 минут 07.5 секунд нәтиже көрсетіп, Харбин қысқы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Айта кетерлігі, осы жарысқа қазақстандық спортшылар Дарья Ряжко, Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина және Ангелина Шурыга қатысты. Қортындысында Надежда Степашкина мәре сызығын бесінші кессе, Ксения Шалыгина жетінші, Ангелина Шурыга мен Дарья Ряжко сегізінші-тоғызыншы орыннан көрінді.

Қанағат Мұхаммедұлы Қытай қоржынына екі бірдей жүлде салды. Ол алдымен 5000 метр қашықтыққа конькимен жүгіруден қола медальға қол жеткізді. Қандасымыз аталған қашықтықты 6:31.54 секундта жүгіріп өтті.

Сонымен қатар, Қанағат Қытай құрамасы сапында Конькимен жүгіруден ерлер арасында командалық із қуу додасында алтын медальды жеңіп алды.

Қытай құрамасының спортшысы Ақнар Адаққызы әйелдер арасында конькимен жүгіруден командалық із қуу жарысында Азиада чемпионы болды. Қытай құрамасының нәтижесі – 3 минут 02.75 секунд.

Айта кетерлігі, осы жарыста қазақстандық Надежда Морозова, Кристина Шумекова және Мария Деген жарыс жолына шығып, өкінішке қарай жүлдеге іліне алмады.

Осылайша, Қытай құрамасындағы 4 қазақ спортшысы қысқы Азия ойындарында 3 алтын және 2 қола медаль еншіледі.

Дереккөз: Kaz.inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или