Ермек Мұсаинов: Келесі жолы ең мықты қарсыластардың бірі Оңтүстік Кореямен ойнаймыз

Керлингтен Қазақстан құрамасының спортшысы Ермек Мұсаинов Kazinform тілшісіне эксклюзив сұхбат біріп, Харбин қаласында өтіп жатқан қысқы Азия ойындары туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz
Мұсаинов бүгінгі Филиппинмен ойын тартысты өткенін айтты.
– Ойын өте қиын және тартысты өтті. Алайда, қарсыластың шеберлігі басым болды. Біз ойын тізгінін өз қолымызға алуға тырыстық. Жақсы ойын көрсеттік, біз жеңілген жоқпыз, намысты қолдан бермедік. Енді мықты болып ораламыз деп ойлаймын, - деді спортшы.
Ермек Мұсаиновтың айтуынша, Харбиндегі қысқы Азиада оның алғашқы халқаралық деңгейдегі жарысы.
– Негізі мен құрамамен алғаш рет халқаралық деңгейдегі ірі жарысқа қатысып отырмын. Сондықтан психологиялық жағынан қиындау болды. Алайда, команданың қолдауы маған күш берді, өзіме деген сенімімді арттырды, - дейді ол.
Спортшы құраманың алдағы ойындары туралы айтып, плей-оффқа шығу мүмкіндігін атады.
- Келесі жолы ең мықты қарсыластардың бірі Оңтүстік Кореямен ойнаймыз. Біз үшін оңай болмайтыны анық. Алайда, әр ойынға жауапкершілікпен қарап, бар күшімізді саламыз. Одан кейін Қырғызстан құрамасы бар. Плей-оффқа шығу үшін бізге бір жеңіс керек, - деді Ермек.
Соңында спортшы қазақстандықтарға сәлем жолдап, қолдау сұрады.
– Барша қазақстандықтарға дұғай сәлем жолдаймыз. Бізді қолдап, бізге жанкүйер болыңыздар. Сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды, - дейді Ермек Мұсаинов.
Айта кетейік, Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы қысқы Азия ойындарының алғашқы ойынында Қытайлық Тайбэйді 10:5 есебімен жеңді.
Бүгін, ел құрамасы Филиппинмен сынға түсіп, 1:4 есебімен жол берді. Жігіттер алғашқы 7 кезеңде лайықты қарсылық көрсеткенімен, Филиппин құрамасы соңғы кезеңде 2 ұпай еншілеп кетті.