Боксшы Геннадий Головкин мен Ербол Мырзабосынов Халықаралық конькишілер одағының президентімен кездесті

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан 2025 жылғы Қысқы Азия ойындарында Халықаралық конькишілер одағының (ISU) президенті Ким Чже Ельмен кездесу өткізді.
ISU президенті Ким Чже Ель Қазақстандағы конькимен жүгіру спортының танымалдылығының қарқынды өсуін жоғары бағалап, халықаралық жарыстарды өткізу үшін еліміздің спорттық инфрақұрылымын пайдалануға қызығушылық танытты.
- Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және конькимен жүгіру спорты Қазақстанда қарқынды дамып келеді және біздің спортшыларымыз жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр. Бүгінгі күні шорт-тректен эстафетада және конькимен жүгіруден 100 метрлік қашықтықта күміс медальдар жеңіп алынды, бұл олардың жоғары кәсібилігін көрсетеді. Біз ISU-мен ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа қызығушылық танытып отырмыз, себебі әлем чемпионаттарын өткізу үшін біздің қабілеттеріміз бен мүмкіндіктеріміз жеткілікті, - деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің басшысы.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның Азияда конькимен жүгіру спорты мен шорт-тректі дамытудағы рөлін, сондай-ақ ISU-мен ынтымақтастықты нығайту арқылы қысқы спорт түрлерінің халықаралық аренада орнықты болуын талқылады. Қазақстандық делегация ISU басшылығын елімізге ресми сапармен келуге шақырды.