Азиадада Қазақстан құрамасы медалдар кестесінде төртінші орында тұр
![Азиадада Қазақстан құрамасы медалдар кестесінде төртінші орында тұр](https://prosports.kz/storage/images/39026bf02e2bea22f23f1724bc02645b_JP1661gvNBCjUAVnKmr4ZqVD0hfqHcWIKj6SbV5B.webp.webp)
Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарының алғашқы жарыс күні өз мәресіне жетті.
8 спорт түрінен жарыстар өтіп, 17 медалдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық спортшылар шорт-трек, шайбалы хоккей, тау шаңғы спорты, шаңғымен сырғанау және конькимен жүгіру жарыстарында өнер көрсетті.
Қазақстандық шорт-трекшілер Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Малика Ермек 2000 метрге сырғанаудан аралас командалық эстафетада мәреге екінші болып жетіп, ел қоржынына алғашқы медаль салды.
Ерлер арасында 100 метрге конькимен жүгіруден Евгений Кошкин 9.47 секунд нәтиже көрсетіп, күміс жүлдегер атанды.
Сондай-ақ, Қазақстандық шаңғышы Константин Борцов Шаңғымен сырғанаудан ерлер арасындағы спринтте күміс еншіледі.
Хоккейден Қазақстан құрамасы А тобының үшінші матчында Азия құрлығындағы басты қарсыласы Жапонияны 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша, Қазақстан делегациясы қысқы Азия ойындарының алғашқы күні 3 күміс еншілеп, медалдар кестесінде төртінші орынға жайғасты. Қытай құрамасы 8 алтын, 8 күміс және 5 қола медаль еншілеп, көш бастады. Ал Кореяның қоржынында 7 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль бар. Сары құрлық үздігі Жапония құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медалмен үздік үштікті түйіндеді.