Бүгін IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді
![Бүгін IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді](https://prosports.kz/storage/images/7362f416c5fd0db558e02e6657606117_16wFV2G7pb42jvIyZ7Mh79KWrJJwlfTHjmRj8LDJ.webp.webp)
IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Бүгін, 7 ақпанда, Қытайдың Харбин қаласында IX қысқы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Іс-шара Харбин халықаралық көрме орталығында ұйымдастырылып, жергілікті уақытпен 20:00-де, Қазақстан уақыты бойынша 17:00-де басталады.
Ашылу салтанатына Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, сондай-ақ басқа да елдердің жоғары лауазымды қонақтары қатысады. Олардың қатарында Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Пәкістан президенті Асиф Али Зардари, Таиланд премьер-министрі Пхетхонгтхан Чинават және Оңтүстік Корея Ұлттық жиналысының спикері У Вон Сик бар.
Ашылу рәсімі қарсаңында Си Цзиньпин мен оның жұбайы Пэн Лиюань іс-шараға келген мәртебелі шетелдік қонақтардың құрметіне салтанатты банкет ұйымдастырды.
Қазақстанның туын хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шығады.
Іс-шара шамамен 80 минутқа созылады. Онда әртістер өнер көрсетіп, қатысушылар шеруі өтеді және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ойындардың ресми ашылуын жариялайды.
Салтанатты шараны Qazsport телеарнасынан көре аласыздар.
Қысқы Азия ойындары 14 ақпанға дейін жалғасады.