«Ақжайық» бапкерлер мен ойыншыларға 65 млн теңге қарыз
БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиевтің төрағалық етуімен өткен жиналыста «Ақжайық» футбол клубының қаржылық жағдайы және футболшылар мен жаттықтырушылар алдындағы қарызды шешу мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Prosports.kz.
ҚазАқпарат мәліметінше, жиынға клубтың құрылтайшысы Гүлдария Кауиевамен бірге ҚР Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитетінің өкілі, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы, ҚФФ лицензиялау департаментінің директоры, БҚО футбол қауымдастығының президенті мен «Ақжайық» ФК капитаны, жаттықтырушылар құрамы, сондай-ақ инвестициялық негізде қызығушылық танытқан «SD Family» ФК басшысы Дидар Сыдықбек қатысты.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, жиында талқыланған негізгі мәселе – «Ақжайық» футбол командасын ел чемпионатының бірінші лигасында қалдыру және тарихы бай клубты сақтап қалу.
Алайда «Ақжайық» ФК 2024 жылы футболшылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлемеген. ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті БҚО бойынша департаментінің мәліметіне қарағанда, 36 адамға (ойыншылар мен бапкерлер құрамы) 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары үшін жалпы сомасы 65 млн 252,002 мың теңге еңбекақы төленуі керек. Қазақстан футбол федерациясының талабы бойынша команда ел чемпионатында ойнауы үшін бұрынғы қарыздарын жабуға тиіс.
«Ақжайық» футбол клубының Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсетуі үшін БҚО әкімдігі барынша жылдам шешім шығаруды көздейді. Осы мақсатта қызығушылық танытқан инвестормен клуб басшыларының өзара келіссөз жүргізуіне мүмкіндік жасалды. Екіжақты келіссөздер 2025 жылғы 10 ақпанға дейін оң шешімін таппаса, БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы футболдан ҚР чемпионатының ІІ лигасынан бастайтын басқа клубты жасақтауға мәжбүр болады. Жаңа клуб Қазақстан футбол федерациясының талаптарын сақтай отырып, қазіргі «Ақжайық» ФК ойыншыларын келісім арқылы ауыстырады.
Негізгі міндет – футболшылар мен жаттықтырушылар алдындағы қарызды қайтарып, өңірдегі осы спорт түрінің қарқынды дамуына жағдай жасау. Сонымен қатар балалар футболының деңгейін көтеріп, жасөспірімдер командасын жасақтап, оның QJ League (Қазақстан жасөспірімдер лигасы) сапында өнер көрсетуі де маңызды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубының тұйықтан неліктен шыға алмай келе жатқанын жазған едік. Сондай-ақ «Ақжайық» футбол клубы жабыла ма, соған байланысты басқарма басшысы жауап берді.