Елдің 8 қаласында футбол стадиондары салынады

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елде футбол инфрақұрылымы қалай жаңғыртылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Prosports.kz
Оның сөзінше, қазіргі уақытта 8 стадионның құрылысына байланысты жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласында трибуналары бар жаңа стадион салынып жатыр.
— Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында П. Атоян атындағы стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы жеке инвестициялар есебінен әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Астанада Қ. Мұнайтпасов атындағы стадионның жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Шымкентте, Семейде және Ақтауда жаңа стадиондар салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, Өскемен қаласында 5 мың орындық жабық стадион салу үшін жер учаскесі белгіленген. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында 30 мың орындық стадион салу жоспарланған, — деді министр.
Қазір елімізде 28 негізгі стадион жұмыс істеп тұр. Министр атап өткендей, оның инфрақұрылымын дамыту үшін тағы қосымша тағы 5 жаңа стадион салу керек.