Давид Лория: Трансляция мен төрешіліктің деңгейін арттыруға күш саламыз
Бұған қоса, жаңа департамент басшысымен бірге чемпионаттың маңызды матчтарына ФИФА санатындағы шетелдік төрешілерді шақыру мүмкіндігін қарастырамыз.
Сондай-ақ клубтардың төрешілікке қатысты пікірі мен ұсынысын білу үшін ауқымды сауалнама жүргіземіз. Біз үшін чемпионатқа қатысушылардың төрешілердің жұмысы, дайындығы мен біліктілік деңгейі туралы пікірі маңызды. Зерттеудің қорытындысына қарай төрешілік сапасын жақсартып, әділдікті қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдаймыз.
– Кәсіби футбол лигасында чемпионатты өткізуге қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Алдағы уақытта тағы қандай жұмыс атқарылады?
– Соңғы кезде Кәсіпқой футбол лигасының жұмысына қатысты клубтар, сарапшылар мен жанкүйерлер тарапынан көп сын айтылды. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясы өз құзыреті аясында QFL-ге берілген барлық ресми жарыстарды өткізу құқығын қайтарып алып, жарыстарды ұйымдастыру дирекциясына тапсырды.
Көп сын айтылған мәселенің бірі – сапасыз трансляция. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, трансляцияның деңгейін көтеріп қана қоймай, барынша қолжетімді етуге күш саламыз. Басты мақсат – жанкүйерлерге ойындарды жоғары деңгейде тамашалау мүмкіндігін ұсыну ғана емес, сондай-ақ отандық футболдың танымалдығын арттырып, жаңа жанкүйерлер, серіктестер мен демеушілер тарту.