Астанада World Athletics Indoor Tour Gold турнирі басталды
Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде World Athletics Indoor Tour Gold сериясының Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes турнирі басталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жарыс бағдарламасында медальдар келесі дисциплиналар бойынша сарапқа салынады:
Ерлер: 60 метр; 60 метр кедергілер арқылы жүгіру; 400 метр; 1500 метр; Биіктікке секіру; Ұзындыққа секіру.
Әйелдер: 60 метр; 60 метр кедергілер арқылы жүгіру; 400 метр; 3000 метр; Биіктікке секіру; Үш қарғып секіру; Ядро лақтыру.
World Athletics Indoor Tour Gold – бұл 2016 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жеңіл атлетика бойынша жоғары деңгейдегі қысқы жарыстар сериясы. Қазақстан астанасы бұл жарысты тарихта екінші рет өткізіп жатыр.
Жарысқа қатысушылар қатарында олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, «Бриллиантты лига» кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы Андре де Грасс (Канада), Париж Олимпиадасының күміс медаль жеңімпазы, жабық алаңдардағы халықаралық жарыстың дебютанты Кишейн Томпсон (Ямайка), Олимпиада жүлдегері Алекс Хэйдок-Уилсон (Ұлыбритания), әлемдік рейтинг көшбасшысы Корнелиус Тувей (Кения), әлем чемпионы Маркиз Денди (АҚШ), Олимпиада финалистері Тина мен Тиа Клэйтон (Ямайка), Олимпиада чемпионы Наташа Моррисон (Ямайка), екі дүркін әлем чемпионатының жүлдегері Сада Уильямс (Барбадос) және басқа да мықты спортшылар бар.