Азиада: Қытай құрамасы сапында 4 қазақ спортшысы өнер көрсетеді
IX қысқы Азия ойындарына қатысатын Қытай ұлттық құрамасы спортшыларының тізімі жарияланды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Синьхуа агенттігінің жазуынша, Харбин қысқы Азия ойындары Қытай спорт делегациясының құрамында 257 адам бар, оның ішінде 170 спортшы (85 ер және 85 әйел).
Олардың қатарында 6 олимпиада чемпионы бар. 147 спортшы Қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысып отыр. Сондай-ақ, бұған дейін 23 спортшы қысқы Азия ойындарына, ал 48 спортшы Бейжің қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан.
Қытай құрамасының сапында ұлты қазақ 4 спортшы IX қысқы Азия ойындарына қатысады. Олар: Ақнар Адаққызы (конькимен жүгіру), Қанағат Мұхамедұлы (конькимен жүгіру), Баян Жалынқызы (Шаңғы) және Самғар Серікұлы (Шаңғы).
Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды.