Қазақстандық спортшылар Қысқы Универсиаданы 14 медальмен аяқтады
Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиадада шорт-тректен ерлер командасы қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ел құрамасынан 5000 метр қашықтықтағы эстафеталық жарыста Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Санжар Жанысов, Айбек Темірхан мен Валерий Клименко төрттігі мәреге үшінші жетті.
Бұл XXXII Қысқы Универсиада ойындарында ел құрамасы қоржынына түскен 14-медаль.
Қазірге дейін Қазақстан құрамасы қоржынында 3 алтын, 4 қола, 7 қола жүлдеге ие болған еді.
Ел құрамасынан Анастасия Городко (фристайл, параллель могул) екі мәрте жеңіс тұғырынан көрінсе, Никита Акимов (биатлон) бір алтынды қоржынға салды.
Сондай-ақ Аяулым Әмренова (параллель могул), Антон Бондарев (параллель могул) бір-бірден, Денис Зинов (парашаңғы жарысы) екі мәрте күміс медальға қол жеткізді.
Қолаға қол созғандар қатарында Роман Құрбанов (парашаңғы жарысы) екі мәрте үздік үштіктен көрінсе, Софья Самоделкина (мәнерлеп сырғанау), Арина Крюкова (биатлон), Кирилл Бауэр (биатлон), шорт-трек аралас эстафетадан Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды.
Түнде Астана уақытымен 00:00-де Туриндегі Қысқы Универсиаданың жабылу рәсімі өтеді.