Бөлінген миллиардтарымен Канаданы шаң қаптырған: депутаттар спортқа есепсіз ақша жұмсауды доғаруды ұсынды
Спорт клубтары жұмсалған миллиардтардың есебін беруге тиіс. Қазақстан аталмыш салаға қаржы бөлуден талай елді басып озса да, жүлделі орын тым аз. "Мұның бәрі бөлінген ақшаның тиімсіз жұмсалуынан" дейді депутаттар. Бұл туралы "КТК" арнасы хабарлайды.
Қазынадан миллиардтап ақша алған клубтардың тіпті өзіне тиесілі инфрақұрылымы да жоқ екен. Есесіне, алаңдарды жалға алудан ақша аямаған.
"Мемлекет тарапынан соңғы алты жылда 49 миллиард теңге алған "Барыс" хоккей клубы мен, соңғы алты жылда 50 млрд теңге алған "Астана" футбол клубы сынды командалар әр тиынға есеп беруі керек. Осынша ақша алғанына қарамастан, аталған командалардың өз инфрақұрылымы да жоқ, салмаған да. Бір ғана "Астана" футбол клубы алты жыл ішінде тек футбол алаңдары мен ғимаратты жалға алуға 1,4 миллиард теңге жұмсаған", - дейді мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.
Депутаттың есебінше, былтыр еліміздегі 13 футбол клубын қаржыландыруға 27 миллиард 300 миллион теңге жұмсалыпты. Соңғы алты жылда жалпы спорт саласын қаржыландыруға, шамамен 1 триллион 400 миллиард теңге бөлінген. Ал биыл және алдағы екі жылда тағы 1 триллион 300 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.