Ақтөбеде оқушылар жаттығатын мұзайдын істен шықты
Ақтөбедегі балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің мұзайдыны суға айналды, деп хабарлайды Prosports.kz
Мұнда жылу алмастырғыш құрылғы істен шығып, ата-аналар наразылық білдірді.
«Олимп» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде былтыр мұздатқыш істен шыққан болатын, бұл жағдай биыл да қайталанды. Бұл жолы жылу алмастырғыш құрылғы іске жарамай қалған.
- Менің қызым 5 жастап бастап мәнерлеп сырғанаумен шұғылданады. Қазір жасы 10-да. Жыл сайын осы жағдай қайталанады. Қыста 2-3 ай мұздатқыш құрылғы істемей қалады. Жазда болса біз 3 ай демалысқа шығамыз. Біз үшін еңбектің өтеуі керек. Ал олар болса осындай кедергілердің кесірінен дұрыс нәтиже көрсете алмайды. Таяуда ғана Орал қаласында өткен жарысқа қатысып келді. Өзге өңірден келген замандастарына қарап жылағым келді. Бізде төмен, нәтиже аз. Жөндеу мемлекеттік сатып алу арқылы өтеді дейді. Балалар айлап күте береме ме,- деді ата-ана Гүлсім Бекеғұлова.
Ал Мәнерлеп сырғанау федерациясының Ақтөбедегі президенті Алтынай Таңбаеваның айтуынша, былтыр да қаңтар айында дәл осындай жағдай болып, мұз суға айналды. Жөндеуге ақша бөлініп, қалпына келгенше үш ай өтіп, балалар сәуірде ғана мұз айдынында қайта жаттығу жүргізген.
- Былтыр үш ай жаттығу болмады. Биыл да балалар бос қалды. Қазір тек залда ғана жаттығу жасаймыз. Оның өзі де дұрыс жабдықталмаған. Алдағы уақытта жарыстар бар, оған қалай дайындалатынымызды, тіпті қалай баратынымызды білмейміз. Былтыр бұзылып, жөнделгенде 5 жылға кепілдік берген еді. Биыл не болғанын білмейміз, - деді Алтынай Таңбаева.
Әзірге тек дене жаттығуы жүреді. Сонымен бірге есік алдына мұз қатырып, амалдай тұрмақ.
Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, мұзайдында жылу алмастырғыш істен шыққан. Оны демеушілер есебінен жөндеуі мүмкін. Жөндеу құны шамамен 6-8 млн теңге болады. Ал оған дейін қаладағы жеке мұзайдын сарайымен келісім жүреді.
Айта кетейік, мұнда 338 бала бар. Олар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккеймен шұғылданады.