Australian Open: қазақстандық теннисшілер жұптық сында жеңіліп қалды
Мельбурн қаласында теннистен өтіп жатқан Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілер жұптық сында жеңіліп қалды.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге үмітті ақтай алмады.
Аталмыш «Үлкен дулыға» турнирінің 8-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина – И.Хромачева алғашқы айналымда ресейлік Камилла Рахимова – испаниялық Сара Соррибес-Тормоға есе жіберді – 3:6, 1:6.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-ресейлік дуэт 1 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді. Қарсыластары 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Сондай-ақ Александр Бублик пен Александр Шевченконың жұптық сында да жолы болмады.
Қазақстандық тандем небәрі 44 минутта уругвайлық Ариэл Беар – америкалық Роберт Галлоуэйден ұтылды – 4:6, 1:6.
Осылайша, А.Бублик пен А.Шевченко жарысты ерте аяқтады.
Әйелдер арасында жекелей сында сенсациялық нәтиже тіркелді. Әлемнің 5-ракеткасы, қытайлық, Париж Олимпиадасының чемпионы Чжэн Циньвэнь екінші айналымда рейтингіде 97-орында тұрған германиялық Лаура Зигемундтан өте алмады – 6:7 (3:7), 3:6.
Соның нәтижесінде Чжэн Циньвэнь WTA Live рейтингісінде 7-сатыға ығысып, қазақстандық Елена Рыбакина 6-орынға көтеріліп тұр.