Волейболдан Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары жалғасып жатыр
Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап
Біріншілікте «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» (Өскемен) командалары басқа ешкімге дес берер емес.
Бүгін талдықорғандықтар «Ару-Астана» командасын 3:0 (25:14, 25:6, 25:12) есебімен ойсырата ұтты. Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісудың» есебінде 47 ұпай бар.
Өскемендіктер біршама тартысты өткен матчта «Қарағанды» клубын 3:1 (25:19, 22:25, 30:28, 25:19) есебімен тізе бүктірді. Осымен 16 ойында жеңіске жеткен Ришат Гилязутдиновтің шәкірттері ұпай санын 45-ке жеткізді.
Оралдың «Грация KZ» командасы (бас бапкері Айна Ғұбашева) кеше бес сетке созылған бәсекеде астаналықтарға есе жіберген еді. Бүгін оралдық қыздар Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:19, 25:20, 25:15) есебімен жеңді. Бұдан кейін 11 ұпай жинаған батысқазақстандық команда 9-сатыда тұр. Плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке ілігу үшін ұпай қорын толықтыра түсу қажет-ақ.