Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) клубын жеңді
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз айдынында «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) клубын қабылдады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап
Осының алдында оралдықтар Орынборда жергілікті «Локомотивті» 18:5 және 20:3 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Бұл жолы Николай Шавалдиннің шәкірттеріне қазандық команда да қарсы тұра алмады. Кездесу 10:1 есебімен «Ақжайықтың» пайдасына шешілді.
Айдын иелерінен команда капитаны Максим Өтебалиев төрт голдың авторы атанса, Максим Пахомов пен Рауан Исалиев «Ак Барс-Динамо-2» қақпасына екі-екіден доп енгізді. Сондай-ақ Артем Лапшин мен 18 жастағы Руслан Таухаев та құр кетпеді.
Қонақтардан Владимир Нигметзянов қана көзге түсе алды.
Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Бұл ойыннан кейін 30 ұпай жинаған оралдықтар өз тобында екінші орынға көтерілді.