Олжас Бектенов қазақстандық спортшыларды сынға алды
Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында қазақстандық спортшылардың нәтижесі төмендеп кеткенін айтты.
Оның айтуынша, жыл өткен сайын мемлекет тарапынан спортты қаржыландыру көлемі артып келеді. Республика бойынша 5 жыл ішінде 215 дене шынықтыру кешені, 17 жүзу бассейні, 57 спорт манежі және 1,5 мыңнан астам спорт алаңы салынды. Жеке инвесторлар есебінен 92 жоба іске асырылды.
«Дей тұрғанмен, спортшыларымыздың нәтижесі төмендеп кетті. Мұның негізгі себептері оларды жүйелі дайындау жұмыстарының болмауында. Жаттықтырушы құрамның жетіспеушілігі және тиімді дайындық әдістерінің жоқтығы да нәтижелерге теріс әсер етті. Спортшыларды балалар секцияларынан бастап олимпиадалық құрама командаларға дейін тәрбиелеудің нақты жүйесі жоқ.Сонымен қатар спорт түрлері бойынша өңірлер арасындағы бәсекелестік төмен», - деді премьер-министр.
Айта кетейік, Қазақстан Париж Олимипиадасында 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль ғана алып, жүлде қоры бойынша 43-орынға жайғасты. Ал Өзбекстан құрамасы жалпы есеп бойынша 8 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен 13-орынға көтерілді.