Жалғас Жұмағұлов еуропалық ұйымдағы титулдық жекпе-жегі туралы хабарлады
Аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов келесі жекпе-жегін 27 ақпанда Павлодар қаласында өтетін Fight Nights Global турнирінде өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz Sportnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Дайындықты бастадық. 27 ақпанда Павлодарда өтетін Fight Nights Global турнирінде бокстан жұдырықтасамын. Ал мамыр айының соңында OKTAGON ұйымында белбеу үшін жекпе-жекке шығамын. Сондықтан еңбек етіп жатырмыз, мақсат бар, мотивация бар», – деп жазды Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желіде.
Айта кетейік, желтоқсан айында Жалғас Жұмағұлов Астанада өткен бокс кешінде голландиялық Раванд Оубамен (1-0) қиын кездесу өткізген еді. Төрт раундқа созылған жекпе-жек нәтижесінде төрешілердің пікірі екіге бөлінді – 40:37, 39-37 Жұмағұловтың пайдасына және 36-40 Оубаның пайдасына.
Еске сала кетсек, Жалғас Жұмағұлов бұрын Fight Nights Global ұйымының ең жеңіл салмақтағы чемпионы болған. Ол бұл белбеуді 2018-2019 жылдары иеленген.