Новак Джокович Елена Рыбакина жайлы пікірін айтты
«Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы сербиялық теннисші Новак Джокович өзінің көпжылдық бапкері Горан Иванишевичтің 2022 жылғы Уимблдон чемпионы, қазақстандық Елена Рыбакинамен бірлесіп жұмыс істей бастағанына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
— Шынымды айтсам, қуандым. Біз Рыбакина бізге өте ұнайтынын, оның ойыны мен өзін ұстау мәнері жақсы екенін талай айтқанбыз. Горан менімен жұмыс істеген кезде, біз әрқашан оның ойынын тамашалауды ұнататынбыз. Сондықтан олардың бірге жұмыс істейтіні туралы жаңалықты естігенде қуандым.
Горан оның ойыны мен жетістіктеріне оң әсерін тигізеді деп үміттенемін. Ол — топ-ойыншы. Ол «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алды, оның қандай сезім екенін біледі. Ол одан да көп жетістікке жетуді қалайды және өте ынталы көрінеді. Маусымды бірнеше жақсы жеңіспен бастады.
Оларға тек сәттілік тілеймін. Жақында Горанмен хат алмасқан едік. Ол бұған дейін WTA-да жұмыс істемеген сияқты. Мен оның жағдайын сұрадым. Айырмашылық барын сезетінін айтты, бірақ Еленаның жетістікке жетуіне көмектесуге дайын екенін жеткізді. Олар бірге бірнеше үлкен трофейді көтереді деп үміттенемін, — деді Джокович Брисбендегі баспасөз конференциясында.