Роналду биыл футболдағы әділетсіздікті айтты
«Әл-Наср» мен Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду Сауд Про-лигасы мен Франция Бірінші лигасын салыстырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Сауд лигасы Бірінші лигадан мықты ма? Әрине, оңай сұрақ қой. Сол жақта ойнап жатқаннан айтып тұрғаным жоқ. Адамдар не ойласа да бәрібір. Осында келіп, ойнап көріңдер.
Францияда тек «ПСЖ» бар, қалғандары онша емес. Басқалар өзара бәсекелесіп жүр, бірақ «ПСЖ» мықтырақ, ойыншылары үздік. Адамдар бұл сөзіме неге таңғалатынын түсінбеймін», - деді ол Globe Soccer Awards-2024 рәсімінде.
Одан бөлек, Роналду биыл «Алтын допты» Винисиус жеңуі керек деп санайды.
«Винисиус «Алтын доп» алуы керек еді, бұл анық нәрсе болатын. Бірақ әділетсіздік болды», - деді ол.
Винисиус бүгін Globe Soccer нұсқасы бойынша 2024 жылдың үздік футболшысы атанды. Ал Роналду «Тарихтағы ең үздік сұрмерген» және «Таяу Шығыстың үздік ойыншысы» жүлделерін алды.