Теннистен Қазақстан құрамасы Испанияны ұтты
Аустралияның Сидней және Перт қалаларында теннистен аралас командалық сында өтіп жатқан United Cup турнирінде Қазақстан құрамасы Испаниядан басым түсті, деп хабарлайды Prosports.kz
Шешуші, жұптық сында Елена Рыбакина – Александр Шевченко испаниялықтар Ивон Кавалье-Реймерс – Пабло Каррено-Бустамен кортқа шықты.
Тартысты өрбіген бірінші партия тай-брейкке дейін жетіп, онда қазақстандықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:4).
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Шевченко – Рыбакина брейк жасай алды. Алайда испаниялықтар таразы басын теңестіріп кетті – 4:4. Бұл жолы тай-брейкте Кавалье-Реймерс – Каррено-Буста сәтті ойнады – 7:6 (7:2).
Супер тай-брейкте қазақстандық дуэт жеңісті жұлып алды – 10:7.
Тартысты өткен матч 2 сағат 5 минутқа созылды.
Е.Рыбакина мен А.Шевченко жұптық сында сирек өнер көрсететіне қарамастан, бұл жолы өз мүмкіндіктерін жақсы пайдалана білді.
Осылайша, Қазақстан Испанияны 2:1 есебімен тізе бүктірді.
– Александр Шевченко 0:2 Пабло Карреньо-Буста
– Елена Рыбакина 2:0 Лена Джессика Бусас Манейро
– Шевченко/Рыбакина 2:1 Кавалье-Реймерс/Карреньо-Буста.
Енді Қазақстан құрамасы С тобында 30 желтоқсан күні Грекия құрамасымен ойнайды. Онда Е.Рыбакина рейтингіде 32-орындағы Мария Саккаримен, А.Шевченко әлемнің 11-ракеткасы Стефанос Циципаспен кездеседі.