Путинцева Олимпиадаға қатыса алмағаннан өзіне тағылған сын туралы айтты
Әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Париж Олимпиадасына қатыса алмағаннан кейін сынға қалай шыдас бергені туралы айтты.
Еліміздің ең үздік теннисшілерінің бірі жарақатына байланысты Париж Олимпиадасына қатыса алмады. Бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да денсаулық жағдайына байланысты жарысқа қатысудан бас тартқан болатын. Осы жағдайлардан кейін спортшылар жанкүйерлер тарапынан қатты сынға ұшырады.
"Лена (Рыбакина) туралы ештеңе білмедім. Байланысқа шықпадық, тіпті жұптасып ойнауды ұсындым, бірақ ол ойнамайтынын айтты. Шевченкомен микст туралы ойлаған едім, бірақ ол да жүзеге аспады. Жекелей сында ғана қатысуым мүмкін екенін түсініп, микст идеясынан бас тарттым, ақыры мүлде ойнамадым. Иә, әлеуметтік желіде біраз шабуыл болды, бірақ мен телефонымды өшіріп, тынышталдым. Бір аптадай мүлде кірген жоқпын. Кейін барлық хабарламагы өшіріп тастадым – сонымен болды", - деді Юлия Путинцева.
Сондай-ақ теннисші оның сауығып кетуіне Қазақстан федерациясы белсенді түрде көмектескенін және ол Париж Олимпиадасына қатыса алатынына соңына дейін сенгенін айтты.
"Олар маған көмектесті, біз Олимпиадаға бару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Бірақ, иә, бәріміз соңына дейін бәрі жақсы болады деп үміттендік. Мен Париждің өзінде өзімді біршама жақсы сезіндім. Иә, үміт болды. Бірақ бір сәтсіз жаттығу өткізгеннен кейін, жағдайдың қиын екенін түсіндім. Егер дәл қазір ойнасам, жыл соңына дейін мүлде қалыпқа келе алмайтынымды, тіпті одан да ауыр жағдай болатынын сездім. Сол себепті бірнеше гейм ойнап, кейін бас тартудың еш мәні жоқ деп шештік. Бұл жағдай ешкімге керек емес еді", - деді Путинцева.