Бақыт Сәрсекбаев: Олимпиада ойындарын бокссыз елестету мүмкін емес

Бақыт Сәрсекбаев: Олимпиада ойындарын бокссыз елестету мүмкін емес


Бұл ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын, мүмкін емес дүние сияқты. Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев Астанада өткен «Үздік-2024» премиясының марапат кешінде осылай деді.

— Бақыт Әбдірахманұлы, Сізді жақында «еліміздің бокс федерациясынан жаңа қызмет алды» деп естіп жатырмыз. Бұл қаншалықты рас?

— Бұйырса алдағы уақытта уақытта эскперименталды құраманы баптап, 18-22 жас аралығындағы қыз-жігіттерге өз тәжірибеммен бөлісетін боламын. Басты негізгі міндетім — құрамаға резерв жасақтау. Бұл міндет мен үшін аса жауапты болмақ. Қазіргі таңда бұған қатысты арнайы жоспарым бар. Нақты қай бағытта жұмыс істейтінімізді ақылдысып, шешетін боламыз.

— Сіз биылғы Олимпиада ойындарына дейін де, Олимпиада ойындарынан кейін де Ұлттық құрамадағы олқылықтар туралы айтып, өз пікірлеріңізді айтып келдіңіз. Сол кемшіліктермен қандай жұмыс атқарып жатсыз?

— Олимпиададан кейін Ұлттық құрамада көптеген өзгерістер орын алды. Бүкіл бапкерлер құрамы өзгерді. Ел біріншілігі кеше ғана аяқталды. Енді жаңа құрам жасақталады. Кейбір боксшылар салмақ санаттарын өзгертіп жатыр. Жаңа жылдан кейін жаңаша жоспарлар мен жаңаша жұмыстар жүргізіледі деп ойлаймын.

— Қазіргі таңда бокс әлемінде неше түрлі дау-дамай жүріп жатыр. Тіпті, келесі 2028 жылы өтетін кезекті Олимпиада ойындарының жарыс кестесіне бокс енбей қалуы мүмкін деген қауесеттер бар. Бұл мүмкін бе?

— Біріншіден — Олимпиада ойындарына дейін әлі төрт жыл бар. Екіншіден — ол қауесет. Сондықтан шындыққа жанаспайтын, нақтылы шешімін таппаған дүниеге бас қатырудың қажеті шамалы. Өз басым Олимпиада ойындарын бокссыз елестете алмаймын. Бұл ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын, мүмкін емес дүние сияқты. Біздің басты міндетіміз — талантты боксшы дайындау. Біз өз ісімізді жүйелі жүргізіп, мықты шәкірттер тәрбиелей берейік. Қалғанын уақыт көрсетеді.


Дереккөз: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или