Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жайық» ақтөбеліктерден қарымта қайырды
Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының екінші туры бір күндік үзілістен кейін қайта жалғасты, деп хабарлайды Prosports.kz
Дүйсенбі күні «Жетісу» (Талдықорған) мен көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетау» алғашқы болып алаңға шықты.
Бірінші партияда 18:25 есебімен есе жібергенімен, одан кейін Марат Адрышевтің шәкірттері камбэк жасай алды – 25:14, 25:12, 25:9. Жалпы есеп – 3:1, «Жетісудың» пайдасында. Бұдан кейін «Жайық» (Орал) мен «Ақтөбе» қазіргі таңда кімнің мықты екендігін анықтады.
Биыл Қазақстан кубогының финалында ақтөбеліктердің оралдықтарды қапы қалдырғаны белгілі. Содан соң бірінші турда аса тартысты өткен матчта Сергей Трикоздың шәкірттері 3:2 есебімен жеңісті жұлып алған еді.
Бұл жолы бірінші партияда Виктор Козик жаттықтыратын «Жайық» 23:19 есебімен алда тұрғанымен, «Ақтөбенің» байланыстырушысы, 42 жастағы украиналық Роман Хандролин допты сәтті бере білді – 22:23. Бірақ «Жайық» сапындағы Борис Кемпа есесін жіберген жоқ – 25:22.
Екінші сетте ақтөбеліктер 9:4 есебімен алға кеткенімен, оралдықтар таразы басын теңестіріп қана қоймай, өз дегендеріне жетті – 26:24.
Үшінші партияда «Жайық» өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ – 25:23. Қорытынды есеп – 3:0. Осылайша, «Ақтөбеден» қарымта қайырған оралдық клуб 25 ұпаймен турнирр кестесінде бұрынғыша көш бастап келеді. Қоржынында 24 ұпайы бар «Жетісу» екінші орында.
Ақтөбеліктер 17 ұпаймен әзірге үздік үштікті түйіндегенімен, бүгін «Есілді» ұтса, павлодарлықтар оларды басып озады.