Әлем чемпионы Абдулрашид Садулаев салмақ мәселесіне қатысты пікір білдірді
Өткен жылы әлем чемпионатында 97 кг салмақ дәрежесінде жартылай финалда мойнынан ауыр жарақат алып, жеңіліс тапқан Абдулрашид Садулаев салмақ мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz
Еркін күрестің танымал өкілі бір жылға жуық уақыт жарақатына байланысты кілемнен тыс қалған еді. Соған қарамастан екі дүркін Олимпиада чемпионы Садулаев керемет жеңіспен өз биігіне қайта оралды. Ол жақында Тиранада өткен әлем чемпионатында жаңа салмақта сынға түсіп, әлемнің ең мықты екі балуанын еш мүмкіндік берместен ұтты.
Албанияда Садулаев өзінің бәсекеге бұрынғыдай қабілетті екенін дәлелдей алды. Ол жарыста америкалық супержұлдыз, Токио Олимпиадасының чемпионы Дэвид Тейлордан басым түсті. Содан кейін жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы, парсы балуаны Камран Гасемпурды 5:3 есебімен жеңіп, өзінің әлеуетті балуан екенін дәлелдеген еді.
Осылайша Садулаев өз мансабында алғаш рет 92 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Дағыстандық балуан Рио-де-Жанейро Олимпиадасында 86 кг салмақта алтын медаль алғаннан кейін алғаш рет төмен салмақта өнер көрсетіп отыр. Себебі, ол 2017 жылдан беріге дейін 97 келіде күрескен еді.
«Бозкілемге қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Бұл жолы бұрынғыларға қарағанда сәл қиындау болды. Жаттығуды бастаған кезде менің салмағым шамамен 98 кг еді. Салмақ тастау аса қиын болған жоқ. Мен нан мен тәтті жемеуге тырыстым, сол кезде салмағым азая бастады. Тек соңғы екі килограммды тастау сәл қиын болды», - деді Садулаев.
Үш түрлі салмақ дәрежесі бойынша алтыншы рет әлем чемпионы атанған Садулаев алда қайтадан 97 келіде белдесетін болады.
«92 кг салмақ дәрежесінде күрескен жалғыз әлем чемпионы осы болды. Бұл менің салмағым емес, мен қайтадан 97 келіге ораламын. Бұл мүмкіндікті тек тағы бір жылды жоғалтпау үшін пайдаландым. Үш түрлі салмақ дәрежесінде әлем чемпионатын жеңіп, тарихқа енуім керек болды», - деді Садулаев.