«Буревестник» қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді

Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатында Алматының «Буревестник» клубы жеңісті жолын жалғастыруда, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық маман Игорь Никольченконың шәкірттері алғашқы күні чемпионатта көш бастап келе жатқан «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ұтқан еді.
Кеше Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері «Павлодарды» 3:2 есебімен қапы қалдырды.
Бүгін алматылықтар ел чемпионы «Таразбен» тағы бір тартысты кездесу өткізді. «Буревестник» тараздықтарды 3:2 (25:18, 22:25, 25:16, 22:25, 15:12) есебімен ұтып, ұпай санын 15-ке жеткізді.
Турнир кестесінде көш бастап келе жатқан Оралдың «Жайығы» «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:12, 25:16, 25:17) есебімен оңай жеңді. Оралдықтардың қоржынында қазіргі кезде 22 ұпай бар.
«Жайықты» талдықорғандықтар (21 ұпай) өкшелеп келеді. «Жетісу» солтүстікқазақстандық «Есілден» айласын асырды — 3:1 (23:25, 25:19, 25:14, 25:21).