Волейболдан ел чемпионатында «Жайық» клубы алты рет қатарынан жеңіске жетті
Волейболдан ел чемпионатында «Жайық» клубы алты рет қатарынан жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz
Павлодар қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында XXXIII Қазақстан чемпионатының ойындары жалғасуда.
Бұған дейін бес рет қатарынан жеңіске жетіп, көш басына шыққан Оралдың «Жайығы» жұма күні Алексей Теренин жаттықтыратын «Есіл» (СҚО) командасымен күш сынасты.
Бірінші партия 25:17 есебімен Виктор Козиктің шәкірттерінің пайдасына шешілді. Есесіне екіншісінде «Есіл» есе қайтарды – 25:22.
Үшінші партияда да солтүстікқазақстандықтар алға шығып, «Жайыққа» ұпай жоғалту қаупі төнді. Міне, осы сәтте В.Козик команда капитаны, Орал волейболының түлегі Виталий Вориводин мен байланыстырушы, украиналық Володимир Ковальчуктың орнына ресейлік Борис Фистюлев пен қазақстандық Умид Набиевті алаңға шығарды. Бұл ойыншылар ойынға тың леп қоса білді – 25:23. Соңғы партия 25:20 есебімен аяқталды. Қорытынды есеп – 3:1.
Осылайша, қатарынан алтыншы рет қарсыластарын қапы қалдырған «Жайық» 19 ұпаймен турнир кестесінде әзірге бірінші орында келеді.
«Жетісу» 18 ұпаймен екінші сатыда тұр. Кеше күтпеген жерден «Буревестниктен» ұтылып қалған Марат Адрышевтің командасы бүгін «Атыраудан» айласын асырды – 3:0 (25:17, 26:24, 25:14).
Биылғы кубок пен суперкубок иегері «Ақтөбе» (бас бапкері Сергей Трикоз) көш соңындағы «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:11, 25:20, 25:15) есебімен тізе бүктіріп, бірінші тур қорытындысы бойынша 17 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.