Ел намысын қорғау ерекше көңіл-күй сыйлайды — Елена Рыбакина
27 желтоқсан – 5 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней және Перт қалаларында аралас командалық сында United Cup турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Қазақстан құрамасы Испания, Грекиямен бірге С тобына түсті.
Аталмыш жарыста Қазақстан намысын Елена Рыбакина, Жібек Құламбаева, Александр Шевченко, Дмитрий Попко және команда капитаны Александр Недовесов қорғайды.
Елена Рыбакина 27 желтоқсан күні бастапқы матчта испаниялық Джессика Бузас Манейро, Александр Шевченко Пабло Каррено Бустамен ойнайды.
Елена осы мезгілде Брисбенде WTA 500 додасында өткен жылғы чемпиондық атағы мен 500 рейтингілік ұпайын қорғауға тиіс еді. Бірақ Елена командалық турнирді таңдады.
«Мен United Cup жарысына көптен бері қатысқым келетін. Теннис жеке спорт түрі болғандықтан, біздерге командалық додаларға жиі жол түсе бермейді. Мен үшін мұндай бәсеке ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ел намысын қорғау да аса маңызды», деді Рыбакина.
Бұл – Қазақстанның United Cup турниріне екінші рет қатысуы. 2023 жылы қазақстандықтар алғаш рет бақ сынаған еді.