Атырау полициясының қызметкері ММА-дан әлем чемпионы атанды
Атырау полициясында жұмыс істейтін ару Аида Хайруллина ММА-дан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлем чемпионаты Индонезияның астанасы – Джакарта қаласында өткен.
– Ересектер арасындағы «Gamma World MMA Championship 2024» әлем чемпионатында Додаға әлемнің 66 елінен 920 спортшы бақ сынады. Соның бірі – Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкері Аида Хайруллина. Жаһан спортшыларының додасында атыраулық полицей 72,6 келі салмақта ел намысын қорғады, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ол 3 кездесу өткізген. Алдымен Камбоджа және Австралия елінің спортшыларымен күш сынасып, шеберлігі мен физикалық дайындығының жоғары екенін дәлелдеген. Ал финалда Египет елінің спортшысын айқын басымдықпен ұтқан.
– Біздің қызметіміз жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Қызметтік міндетімізді адал атқарумен бірге спорттық шеберлігімізді шыңдауға да уақыт табамыз. Спорт саласында жаттықтырушыларымның, әріптестерімнің, отбасымның қолдауының нәтижесінде жетістікке қол создым. Әлем чемпионатындағы алтын медаль – тек менің ғана емес, Қазақстанның жеңісі. Алдағы уақытта да елімнің абыройын қорғауға бар күш-жігерімді саламын, дейді Аида Хайруллина.
Полиция лейтенанты Аида Хайруллина осы кезге дейін қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы, әлем кубогінің екі дүркін жеңімпазы атанған.