Назым Қызайбай Олимпиададан кейін бірінші рет шаршы алаңға шықпақ

Назым Қызайбай Олимпиададан кейін бірінші рет шаршы алаңға шықпақ

Бүгін, яғни 18 желтоқсан күні Қарағандыда бокстан Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап 

Аталған біріншілікке ер боксшылармен қатар әйелдер де кіл мықтыларды анықтамақ.

Жалпы, ішкі біріншілікке 94 бұрымды боксшы қатысып жатыр. Олардың арасында Париж Олимпиадасының қатысушылары мен қола жүлдегері Назым Қызайбай да сынға түседі.

Бұл туралы Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалин айтып берді.

– Ел біріншілігіне әйелдер арасында осыған дейін көзге түсіп жүрген кіл мықтылар да сынға түседі. Олардың қатарында 48 келі салмақта Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбай да бар. Ол Олимпиада ойындарынан кейін бірінші рет шаршы алаңға шыққалы отыр. Сонымен қатар 50 келіде әлем чемпионы Алуа Балқыбекова, 54 келіде Жайна Шекербекова, 57 келіде Карина Ибрагимова, 60 келіде Римма Волосенко, 75 келі де Валентина Хальзова бастаған боксшылар шаршы алаң көрігін қыздырады деп сенеміз. Сонымен қатар еліміздің әр өңірі өздерінің көшбасшы боксшыларын іріктеп алып келді. Жаңа чемпиондардың есімдері де белгілі болуы мүмкін, - деді бас бапкер Елдос Жәнібекұлы.

Сондай-ақ, бас бапкер Қазақстан чемпионатына кімдердің қатыспағанын да атап өтті.

– Өздеріңіз білесіздер, осыдан бір апта бұрын ғана Таиландта өткен Азия чемпионатында қыздарымыз 5 алтын, 5 қола медаль жеңіп алған болатын. Міне, сол жүлде алған 10 боксшы ғана бұл ел чемпионатынан босатылды. Олар ішкі біріншілікке қатыспаса да, ұлттық құраманың үздік боксшылары болып қала береді, - деді бас бапкер.

Айта кетейік, 24 желтоқсанға дейін жалғасатын ел чемпионатының барлық сайыстарының күндізгі сессиясы 14:00-де, ал кешкі сессиясы 18:30-да өтеді. Тек соңғы күні жарыстар 12:00-де басталады. Ширек финалдық кезең 21-22 желтоқсан аралығында өтсе, жартылай финал 23 желтоқсанда, ал финал 24 желтоқсанда болады.

Дереккөз: Kaz.inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или