Белгілі бапкер Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушылар құрамын сынға алды
Kill Cliff FC залының жаттықтырушысы Саид Сапаров қазақстандық жауынгер Шавкат Рахмоновтың бапкерлер құрамындағы түсініспеушілік турасында пікір білдірді.
8 желтоқсанда өткен Шавкат Рахмоновтың ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы жекпе-жегінен кейін жанкүйерлер қазақстандық жауынгердің бұрышында отырған команда құрамы жайында сын-пікір айтқан еді.
Шавкаттың командасында оның алғашқы жаттықтырушысы Баян Жанғалиев, DAR Team командасының директоры Бауыржан Ұталиев және команданың негізін қалаушы кәсіпкер Әлидар Өтемұратов болды.
- Шавкаттың бапкерлерінің арасында біраз түсініспеушілік пен ретсіздік болған сияқты. Бұл маған ұнамады. Белгілі бір жаттықтырушылар штабы бар, олар Шавкатты Қазақстанда дайындайды, сондай-ақ АҚШ-та басқа жаттықтырушылар жұмыс істейді. Бірақ менің сезінгенім – осы бапкерлер арасында өзара түсіністік болмағаны. Мәселен, сен бір ай бойы залда дайындалдың.
Сені Нидерландыдан келген жаттықтырушы көрмеген болуы мүмкін. Бірақ мен сенің дайындық барысыңды толығымен көріп жүрмін: қаншалықты қиын болғанын, қай тұстарда жеңіліп қалғаныңды, қанша рет қылқындыру әдісіне түсіп қалғаныңды. Бірақ жекпе-жек жақындағанда сырттан келген жаттықтырушымен бірге жұмыс істеп, бұл сәттерді талқылай бастаймыз. Бірақ біз бір-бірімізге сеніп, тығыз жұмыс істеуіміз керек еді. Бұл жерде сенім мен өзара әрекеттестік жетіспегендей көрінді. Оның үстіне команда Вегасқа кешігіп жеткен сияқты.
Менің ойымша, бұл тек Шавкаттың емес, жалпы қазақстандық ММА-ның мәселесі. Мысалы, мен Асу Алмабаевтың, Шавкаттың, Азат Мақсұмның жекпе-жектерінде бапкерлік құрамда болдым. Біздің спортта кім бапкерлер құрамында болуы керек деген мәселе жиі туындайды. Егер мен спортшы болсам, мен өзімді дайындаған жаттықтырушымды ғана бұрышқа шығарушы едім. Ол менің жаттығу процесімнің бәрін көрген болуы керек. Сол кезде ғана жақсы түсінік пен өзара әрекеттестік болады, - деді Саид Сапаров.