«Астана» — «Челси» матчының үздік және ең нашар футболшылары анықталды
Flashscore.com статистикалық сайты «Астана» мен «Челси» ойыншыларының Конференция лигасының жалпы кезеңінің бесінші турындағы ойынына баға берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Алматының Орталық стадионында өткен кездесу 3:1 есебімен «Челсидің» жеңісімен аяқталды. Алаң иелерінің жалғыз голын Марин Томасов соқты.
Матчтың үздік ойыншысы «Челсидің» вингері Педро Нету болды - ол 8,6 ұпай алды. Сондай-ақ Flashscore ағылшын командасының қорғаушысы Ренато Вейгидің ойынын жоғары бағалап, оған 8,5 ұпай берді. Үшінші орында дубль авторы ретінде шабуылшы Марк Гиу тұр – 8,2 ұпай.
«Астанадан» ең жоғары ұпайды қақпашы Мұхаммеджан Сейсен алды - 7,4. «Астананың» жалғыз голының авторы жартылай қорғаушы Марин Томасовқа 7,0 ұпай берілді. «Астананың» үш ойыншысы 6,1-ден төмен баға алды: Александр Марочкин, Александр Аманович және Усман Камара.
Естеріңізге сала кетейік, Конференция лигасының жалпы кезеңінде өткен бес матчтың қорытындысы бойынша «Астананың» төрт ұпайы бар және жалпы есепте 24-орында тұрса, «Челси» 15 ұпаймен тізімде көш бастап тұр.