Волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары аяқталды

Волейболдан Қазақстан чемпионатының екінші тур ойындары аяқталды

Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары аяқталды, деп хабарлайды Prosports.kz


Соңғы күні фавориттердің бәрі де жеңіске жетті.

Сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» (Талдықорған) «Ақтөбені» 3:0 (25:18, 25:22, 25:9) есебімен оңай ұтып, турнир кестесінде 38 ұпаймен көш бастады.

Алаң иелері «Берел» (бас бапкері Ришат Гилязутдинов) командасы «Ертісті» 3:0 (25:23, 25:17, 25:19) есебімен қапы қалдырып, ұпай санын 36-ға жеткізді.

Нұрлан Садықов баптайтын «Қарағанды» Оралдың «Грация KZ» клубын 3:0 (25:19, 25:16, 25:16) есебімен жеңіп, 33 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.

Ал тартысты матчта ел чемпионы «Тұранға» 2:3 (25:16, 25:15, 22:25, 11:25, 9:15) есебімен жол берген «Қуаныш» (СҚО) төртінші сатыға ығысты.

Осылайша, түркістандықтар жаңа маусымда мойны озық командалармен тайталаса алатынын дәлелдеп, қоржынындағы 25 ұпаймен бесінші орынға жайғасты.

Алматылықтар камбэк жасап, «Ару-Астананы» 3:2 (24:26, 26:28, 25:14, 25:20, 15:12) есебімен тізе бүктірді.

«Алматы» мен «Ақтөбе» 15 ұпаймен 6-7-орындарды бөлісуде.


Екінші тур қорытындысы бойынша әр командадан үздіктер анықталды.

«Ақтөбе» - Наиля Нигматулина;

«Жетісу» - Валерия Чумак;

«Алматы» - Диляра Амангелді;

«Ару-Астана» - Сәния Балағазинова;

«Қарағанды» - Наталья Хазова;

«Грация KZ» - Элина Надыршина;

«Тұран» - Бота Уатаева;

«Қуаныш» - Анастасия Кудряшова;

«Ертіс» - Дарья Инина;

«Берел» - Томирис Сағымбаева.

Осымен, биылғы ойындар өз мәресіне жетіп, үшінші тур бәсекелері жаңа жылда болады.

Дереккөз: Kaz.inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или