Азия Олимпиадалық кеңесі спорттағы қауіпсіздік мәселелері бойынша семинар өткізді
Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Халықаралық Олимпиадалық комитетімен (ХОК) бірлесіп, «Азия ойындарын қорғау» бастамасы аясында спорттағы қауіпсіздік мәселелеріне арналған алғашқы семинар өткізді, деп хабарлайды Prosports.kz
Іс-шараға Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің (ҰОК) өкілдері, спорт және қауіпсіздік саласының сарапшылары, сондай-ақ спортшылар мен Азия елдерінен келген спорттық басқарушылар қатысты.
Семинар спортта қауіпсіз, әрі әділетті орта қалыптастыруды көздеп, негізгі спикерлерді жинады. Олардың қатарында АОК-тің гендерлік теңдік және қауіпсіздік жөніндегі менеджері Сабин Фахури, ХОК-тің Safe Sport бағдарламасының жетекшісі Глория Висерас, ФИФА-ның балаларды қорғау департаментінің басшысы Мари-Лер Лёминёр, Мальдив пен Сингапур ҰОК өкілдері болды. Олар спортшыларды қорғау мәселелері бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті және осы бағыттағы маңызды шараларды ұсынды.
Қазақстан атынан семинарға ҰОК спорт департаментінің бас менеджері Олжас Тоғызбаев қатысты. Ол ұлттық спорт федерацияларында қауіпсіздік саясатын енгізу және спортшыларды қорғау бойынша оқу семинарларын ұйымдастыруға бағытталған бастамалар ұсынды.
Семинардың негізгі мақсаты – спортта қауіпсіз, әрі әділетті ортаны қалыптастыру үшін халықтың хабардарлығын арттыру, үздік тәжірибелермен алмасу және спортшыларды қорғау бойынша тиімді жүйе қалыптастыру.
Әсіресе, білім берудің рөлі мен ҰОК-нің спорттағы қауіпсіздік мәдениетін ұзақ мерзімді қалыптастырудағы қолдауы ерекше назарға алынды.
«Спортта қудалау мен зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Әрбір спортшы өзін қауіпсіз сезінетін жағдай жасауымыз керек. IOC Safeguarding Officer in Sport бағдарламасы бойынша оқуды аяқтағаннан кейін, мен ұлттық қауіпсіздік рәсімдері және саясатын әзірлеуге, сондай-ақ спорт федерацияларына үздік тәжірибелерді енгізуге көмектесетін білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға бар күшімді саламын», – деді Олжас Тоғызбаев.
АОК спортшылардың әл-ауқатын қорғау және қауіпсіздік саясатын енгізу жөніндегі ұстанымын жалғастыра отырып, спорттық қозғалыстың барлық қатысушыларының ортақ жауапкершілігінің маңыздылығын ерекше атап өтті.