«Астананың» футболшысы Абзал Бейсебеков «Челсимен» болатын матчқа дайындық туралы айтты
«Астананың» футболшысы Абзал Бейсебеков «Челсимен» болатын матчқа дайындық туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz
Eртең Алматыда елордалық ұжым Конференция лигасының негізгі кезеңінің төртінші туры аясында лондондық командамен шеберлік байқасады.
«Бұл ойынды қатты күттік. Ертеңгі кездесу алдында өзімізге сенімдіміз. Бүкіл күшімізді салып ойнаймыз. Ауа-райына қарамастан ертең жанкүйерлер көп болады деп сенеміз. Суық күнге қарамастан жақсы ойын көрсетуге тырысамыз. Қарсыластың алдында сондай бір артықшылық болады деп айта алмаймын. Екеуміз де бірдей жағдайдамыз ғой», - деген еді А. Бейсебеков баспасөз-маслихатында.
«Астана» - «Челси» матчы 12-желтоқсанда Алматының «Орталық» алаңында болады. Кездесу 20:30-да басталады. Ойынға неміс төрешілері қазылық ететінін де қоса кетейік.