Ұлттық құрама бапкері Азия чемпионатындағы нәтижеге байланысты пікір білдірді
Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сатжанов Таиландта өткен 2024 жылғы Азия чемпионатында шәкірттерінің көрсеткен нәтижесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz
«Біз тек екі салмақтағы нәтижеге келіспейміз: 48 және 71 келі. Басқа финалдық кездесулерде барлық жеңілістер әділ болды. Мен біздің кемшіліктерімізді байқадым. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істейміз. Сонымен қатар жаттығулар физикалық дайындық пен техниканы жақсартуға бағытталады. Менің ойымша, бәрі де сәтті болады. Жігіттердің әлеуеті мықты, мүмкіндіктері мол. Сондай-ақ, Нұрбек Оралбай мен бірнеше боксшы жарысқа қатыспады.
Бізде қосалқы құрам мықты. Жас спортшыларды ұлттық құрамаға шақырамыз. Жақында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бірақ оған АЧ медалистері қатыспайды, өйткені дайындық үшін уақыт жоқ. Сондай-ақ, Таиландта жеңімпаз атанған, ел чемпионатында жеңіске жеткендер ұлттық құраманың бірінші нөмірі болып есептеледі»,- деп қорытындылады ұлттық команданың бас бапкері Қайрат Сәтжанов.
Айта кетейік, Қазақстан ерлер құрамасы төрт алтын, бес күміс және бір қола медаль ұтып, жалпы командалық есепте екінші орынға жайғасты. Бірінші орынды Өзбекстан (сегіз алтын, екі күміс және бір қола) боксшылары алды. Үздік үштікті бір алтын, бір күміс және үш қола медальмен Тәжікстан түйіндеді.