Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» өскемендік «Берелден» қарымта қайырды
Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының екінші турында орталық кездесу «Жетісу» (Талдықорған) мен «Берел» арасында болды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар бірінші турда өскемендіктерге (бас бапкері Ришат Гилязутдинов) 2:3 есебімен есе жіберген еді.
Бұл жолы турнир кестесінде құйрық тістесіп келе жатқан қос команда қай мықтыны анықтады.
Алғашқы екі кезеңде талдықорғандықтар 25:12, 25:19 есебімен басымдық танытты. Бұдан кейін алаң иелері бір партияны өз есептеріне жазды – 25:21. Бірақ одан әріге шамасы жетпеді – 21:25. Жалпы есеп – 3:1.
Осылайша, «Жетісу» 32 ұпаймен қайта көш басына шықты. Өскемендіктер (31 ұпай) екінші орында.
Азамат Есімов баптайтын «Қуаныш» (СҚО) 29 ұпаймен үздік үштікте тұр. Солтүстікқазақстандықтар Павлодардың «Ертісін» 3:1 (25:14, 18:25, 25:12, 25:19) қапы қалдырды.
Биыл чемпионатты сәтті бастаған «Қарағанды» дүйсенбі күні «Алматыдан» 3:0 (25:14, 25:17, 25:21) есебімен айласын асырып, 27 ұпаймен бұрынғыша төртінші сатыда келеді.
Осылайша, біріншілікте жүлделі орындарға таласатын командалар айқындала бастағандай.
Ел чемпионы «Тұранның» (Түркістан) қарқыны бәсең. Дегенмен оны да есептен шығаруға болмас. Түркістандықтар «Грация KZ» командасын 3:1 (23:25, 25:18, 25:18, 25:14) есебімен жеңді.
Ақтөбеліктер «Ару-Астананы» 3:1 (16:25, 25:9, 25:22, 25:19) есебімен ұтып, 12 ұпаймен «Тұраннан» кейін алтыншы орынға көтерілді.
Сейсенбі күні орталық матч «Қуаныш» пен «Берел» арасында өтеді.