Қазақ бапкері әлем бойынша үздік деп танылды
Қазақ бапкері Есбол Сұлтанов әлем бойынша үздік бапкер атанды, деп хабарлайды Prosports.kz
Гонконгтен жақсы хабар жетті. Туниске таеквондодан Олимпиада ойындарының тарихи алтынын сыйлаған Есбол Сұлтанов әлемде үздік деп танылды.
Париж олимпиадасынан соң танымалдылығы күрт артқан Есбол Сұлтанов Бүкіләлемдік таеквондо федерациясының нұсқасы бойынша әлемнің үздік бапкері атанды. Қазір ол марапаттау рәсіміне қатысу үшін Гонконгке барған.
Есбол Сұлтанов Қазақстан құрамасының тізгінін ұстауы да мүмкін. Бұл нұсқаны Федерация мен ҰОК басшысы қолдап отырған көрінеді. Құжатты енді Туризм және спорт министрлігі қарастырып жатыр.
Айта кетейік, таеквондодан 80 келіде бақ сынаған Тунис спортшысы Фирас Катоуси Париж олимпиадасының финалында Иран өкілін жеңіп, чемпион атанды. Ол финалға дейін барлық қарсыласын 2-0 есебімен жеңсе, шешуші кезеңде ирандық қарсыласынан да басым түсті. Бұл Тунис елінің тарихындағы осы спорт түрінен алғашқы алтын жүлде болды. Сондай-ақ Тунис сапынан 58 келіде өнер көрсеткен Мохамед Халиль Жендуби да Париж Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді. Осылайша, бір жылға жетер-жетпес уақытта қазақ бапкері баптаған Тунис спортшылары жеңіс тұғырынан көрінді.