Мұратбек Қасымбай дүниеден озған інісі туралы айтып, көзіне жас алды
Аралас жекпе-жек шебері Мұратбек Қасымбай Nomad Fighting турнирі аясындағы жекпе-жегінен кейін дүниеден озған інісі жайлы айтып, көзіне жас алды.
"Қазақ терминаторы" лақапатымен танымал Мұратбек Қасымбай мен "Тандовский" лақапатымен көпшілікке белгілі ресейлік Иса Исаев чемпиондық жекпе-жекте сынға түсті. Бес раундқа созылған жекпе-жекте Иса Исаев төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті.
- Ешқандай сылтау айтқым келмейді. Ұйымдастырушылар бұл жарысқа менің физикалық тұрғыдан дайын болсам да, эмоционалды тұрғыдан дайын емес екенімді білетін. Себебі 3 қарашада менің кіші інім көз жұмды. Сондықтан мен бұл жекпе-жекке дайындалу барысында эмоционалды қиындықты бастан кешірдім.
Жаныма жақын жаннан айырылдым. Бұл жеңісімді оған арнағым келген.Өкінішке қарай, бұл жекпе-жекте қарсыласым мықты болды. Алдияр бауырым, жатқан жерің жайлы болсын. Бұл жеңісті саған арнағым келді", - деп көзіне жас алды Мұратбек Қасымбай.