Жан Әли Пайруз: «Елімайға» келген күннен бастап ұйымдастыру деңгейін сездім
Қазақстан құрамасы мен «Елімай» клубының ойыншысы Жан Әли Пайруз ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында семейлік клубқа қалай келгені туралы айтып берді.
- Қыста «Тұранның» жиынына барып, келісімшартқа отырайын деп жатқанмын. Бірақ әп-сәтте бәрі бұзылды. Оралхан Өміртаев екеуімізге соңғы сәтте еш себебін түсіндірмей, үйімізге қайтарды. Артынша «Елімайдан» хабарласып, жиынға шақырды. Сосын келісімшартқа қол қойдық.
«Елімайға» келген күннен бастап ұйымдастыру деңгейін сездім. Бүкіл Қазақстан клубына үлгі деп айтсам артық кетпеспін. «Елімай» барлық тұрғыдан өте сапалы жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастыру, маркетинг, жаттығу процесі, жанкүйерлермен жұмыс - бәрі жоғары деңгейде. Мүлдем басқа деңгей! Семей нағыз футбол қаласына айналды. Қазір инфрақұрылымды дамытып жатыр. Манеж бен стадион құрылысы басталды. Егер әрбір қалада осылай футболға көңіл бөлсе, 10 жылдан соң қазақ футболы басқа деңгейге көтеріледі.
Шындап айтсам, алғаш рет өзімді нағыз футболшы сезіндім. Ештеңеге бас қатырмайсың. Тек футбол ойнасаң болды.