Волейбол: Оралдың «Жайығы» бірінші турды 2-орынмен аяқтады
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турының ойындары мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz
Қазақстандық маман Виктор Козик жаттықтыратын «Жайық» (Орал) клубы чемпионатты сәтсіз бастап, қатарынан екі рет жеңілген еді. Содан кейін оралдықтар жеңіс жолына түсті.
Бірінші турдың соңғы күні «Жайық» 3:1 (18:25, 25:15, 25:22, 25:21) есебімен «Буревестник» (Алматы) командасын жеңді. Осылайша, төрт бірдей кездесуінде қарсыластарынан басым түскен В.Козиктің шәкірттері 13 ұпаймен 2-орынға көтерілді. Бірінші турдан кейін «Жетісу» (Талдықорған) 15 ұпаймен көш бастап тұр.
«Есіл» (СҚО) «Ұшқын-Көкшетау» командасын 3:1 (25:19, 25:15, 21:25, 25:13) есебімен жеңіп, 6-орынға табан тіреді.
Бірінші турдағы ең соңғы бәсеке «Атырау» мен «Ақтөбе» арасында өтіп, бес сетке созылды. Мұнда атыраулықтар камбэк жасап, биылғы суперкубок иелерін 3:2 (19:25, 16:25, 25:21, 25:22, 15:12) есебімен тізе бүктірді. Ақтөбеліктер 11 ұпаймен төртінші сатыда қалды.
Екінші тур алдағы айда Павлодар қаласында өтеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Жетісу» командасының «Павлодардан» басым түскенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ волейболдан ел чемпионатында «Жетісу» алғаш рет жеңіліс тапты.