Волейболдан ел біріншілігі: «Ақтөбе» камбэк жасап, суперкубокты жеңіп алды
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші туры аясында «Тараз» бен «Ақтөбе» суперкубок үшін таласты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты kaz.inform.kz порталына сілтеме жасап.
Юрий Башкатов жаттықтыратын тараздықтар биыл көктемде ел чемпионы атанса, Сергей Трикоздың шәкірттері жаңа маусым бастамасында Қазақстан кубогында үздік шыққан еді.
Суперкубок үшін қос команда бапкері де жұма күнгі ойындарға қосалқы құрамды шығарғандықтан, қарсыластарынан жеңіліс тауып, үш ұпайды «құрбандыққа шалып» жіберген еді.
Бірінші сетте тараздықтар 25:20 есебімен басым түсті. Екінші партияда бастапқыда ақтөбеліктер алға шыққанымен, «Тараз» таразы басын теңестіріп қана қоймай, өз үстемдіктерін көрсетті – 25:22.
Үшінші кезеңді ақтөбеліктер өз есебіне жазды – 25:23.
Төртіншісінде есеп 4:4 болған мезетте ресейлік легионер Никита Швалев сәтті доп бергеннен кейін ақтөбеліктер алға кетті – 9:4. Сет біткенше сол басымдылықтан айырылған жоқ – 25:17.Бесінші, шешуші партияда ақтөбеліктер төрт ұпай айырмашылығымен алға шығып, соңында екі матчболын пайдалана алмады. Бірақ өз дегендеріне жетті – 17:15. Жалпы есеп – 3:2, «Ақтөбенің» пайдасында.
Осылайша, ақтөбеліктер өз тарихында алғаш рет суперкубок иегері атанды.
Сенбі күні алаңға шыққан «Буревестник» (Алматы) «Ұшқын-Көкшетауды» 3:1 есебімен (25:23, 25:20, 19:25, 25:18) тізе бүктіріп, турнир кестесінде 8 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Чемпионатты сәтсіз бастаған атыраулықтар бұл жолы аса тартысты матчта «Есілге» (СҚО) 2:3 (22:25, 26:28, 29:27, 25:20, 16:18) есе жіберді. Қоржынында бір-ақ ұпайы бар «Атырау» «Ұшқын-Көкшетаумен» бірге көш соңында келеді.