Ұлттық құрама капитаны Кореямен өткен матчты қорытындылады
Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Юрий Щукин Билли Джин Кинг кубогы аясында елордада Кореямен өткен плей-офф матчын қорытындылады, деп хабарлайды Prosports.kz
Ю.Щукин Кореямен бәсекеде жеңімпаз атанып, оған барлық қыздардың үлес қосқанына қуанышты екендігін жеткізді.
«Зарина ұзақ үзілістен кейін тамаша матч өткізді. Бұл оған күш қосады деп ойлаймын. Жұптық бәсекеде жеңіліп қалғанына қарамастан, команда мықты ойнап, оң нәтижеге қол жеткізді. Екі күн бойы Beeline Arena теннис орталығын толтырған жанкүйерлерге алғысымды айтқым келеді. Адамдардың теннис қарап, команданы қолдағанын көрдік. Қыздарымыздың қазақстандық жанкүйерлеріне осыншама көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанына, әрине, ризамыз», деді Ю.Щукин.
Аталған матчта Қазақстан құрамасына Зарина Дияс, Елена Рыбакина және Юлия Путинцева жеңіс ұпайларын әперді. Ештеңені шешпеген соңғы жұптық сында ғана Анна Данилина – Жібек Құламбаева Ким Дабин – Ку Ен Вуға 3:6, 6:4, 7:10 есебімен есе жіберді.
Командалық әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 2025 жылы сәуірде өтеді. Жеребе осы айдың аяғында болып, Қазақстан құрамасының қарсыласы анықталады.